×

Ресей Орталық Азияның студенттеріне квоталар санын көбейтеді

Қазір ОА елдерінің 185 мыңға жуық студенті оқып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 17.05.2023 | 08:52
Фото: ашық дереккөз

Алдағы оқу жылында Ресей Орталық Азия елдерінің студенттері үшін бөлінетін квоталар санын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин Томск университетінде өтіп жатқан «Валдай» халықаралық пікірталас клубының III Орталық Азия конференциясында айтты.

2023-2024 оқу жылында біз квоталар санын көбейтеміз. Қазақстан азаматтарына квота 200 орынға көбейеді. Қырғызстан студенттеріне тағы 200 орын бөлінеді. Өзбекстанның студенттеріне де көп орын беріледі. Енді бұл елден келген қыз-жігіттерге тағы 50 орын бөлінсе, Тәжікстан азаматтарына тағы 152 орын бөлінеді, – деді Михаил Галузин.

Оның айтуынша, қазір Ресейде Орталық Азия елдерінің 185 мыңға жуық студенті оқып жатыр. Олардың 68 мыңға жуығы ресейлік бюджет есебінен білім алуда.

Сонымен бірге ол жақын арада Орталық Азияның бірқатар елінде жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отырғанынан хабардар етті.

Қырғызстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының, атап айтқанда, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Қазан федералды университеті және жоғары экономика мектебі, Өзбекстанда Ресей гуманитарлық университеті, Мәскеу мемлекеттік геодезия және картография университеті және Солтүстік Кавказ федералды университетінің филиалдарын ашу жоспарланған.

Сондай-ақ Михаил Галузин Ашхабадта бірлескен Ресей-Түрікмен университетін ашу жобасы келісу сатысында тұрғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама