Halyq Uni логотип
×

ДДСҰ қазақстандық QazVac вакцинасын неге тіркемей отыр?

Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші - тәулігіне шамамен 20 адам

 Ербол Тұрымбет 18.04.2022 | 09:45
ДДСҰ қазақстандық QazVac вакцинасын неге тіркемей отыр?
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сұқбат беріп, Қазақстан үкіметі коронавируспен күресуді үйренгенін, қалыпты өмірге оралудың уақыты келді деп ойлайтынын айтты. Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтыру бойынша ең төменгі көрсеткіш сақталып тұр, яғни тәулігіне шамамен 20 науқас адам анықталып отыр.

«Адамдардың тыныш өмір сүруге, толыққанды жұмыс істеуге, қорықпай қарым-қатынас жасауға мүмкіндік болуы керек. Осындай мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында біз ең маңызды шектеулердің бірін жойдық, көршілес үш елмен: Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен құрлық шекарасын аштық. Көптеген мемлекетпен әуе қатынасы қайта жанданды. 57 ел үшін визасыз режим қалпына келтірілді. Бұл ретте Қазақстанға кірерде ПТР-тестілеуді міндетті етіп қалдырдық. Өйткені бұл – эпидемиялық жағдайды бақылауға көмектесетін шаралардың бірі. Сонымен қатар ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағу талабын күшінде қалдырдық. Халық, негізінен, осыған дағдыланып та қалды. Жапония, Қытай, Сингапур сияқты көптеген елде пандемиядан бұрын да маска тағу режимі қалыпты жағдайға айналған, себебі жұқпалы аурулардың басқа да көптеген түрі бар», - деді ол.

Вице-премьер неліктен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі күнге дейін қазақстандық ғалымдар әзірлеген QazVac вакцинасын тіркемей отырғаны жайында айтты.

«ДДСҰ QazVac вакцинасын тіркеуі үшін Қазақстан ұлттық реттеушіні үшінші деңгейге дейін жеткізуі қажет. Басқаша айтқанда, республиканың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің материалдық-техникалық базасы халықаралық стандарттарға сәйкес болуға тиіс. Осының барлығын ретке келтіру үшін 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт кетеді деген сарапшылар пікіріне қарамастан, біз былтыр іс жүзінде 7 ай­дың ішінде Қазақстанды ұлттық реттеушінің екінші деңгейіне шығардық. Бұл фактіні біздің еліміздің халықаралық талаптарға сәйкестігін тексерген ДДҰ арнайы комиссиясы растады. Биыл жыл соңына қарай үшінші деңгейге шыға аламыз деп ойлаймын», - деді вице-премьер QazVac туралы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама