Президент бокстан әлем чемпиондарын қабылдады

Дәурен Ерболат

Спортшылардың жеңісі барша қазақтың мерейін тасытты

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін, әлем чемпионатының жеңімпаздарын қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Кездесуге Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен бокстан әлем чемпионы атанған спортшылар – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауов қатысты. Мемлекет басшысы спортшыларды жарқын жеңісімен құттықтады.

«Әлем чемпионатында 4 алтын, 1 күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық жанкүйерге алғысымды айтамын. Олардың дауысы сонау Ташкент төрінен анық естілді. Дәл осындай шынайы қолдау спортшыларымызға айрықша күш бергені сөзсіз. Спорт додасын бүкіл халқымыз көрді, сіздерге тілекші болды деп айтсақ, артық болмайды.

Мен де финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты. Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз – осы! Өйткені спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады. 

Шын мәнінде, өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Мұхиттың арғы жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпион атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ спортының жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын атап өтті.

Шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанды. Теннисші Елена Рыбакина беделді турнирлерде қатарынан бірнеше рет топ жарды. Балуандарымыз, оның ішінде қыздарымыз да бар, Азия чемпионатында 7 алтын медаль алды. Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Азия чемпионы болды. Футболшыларымыз, хоккейшілеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Әрине, спортта жеңіс те, жеңіліс те болады. Дегенмен спортшыларымыз биік белесті бағындырып келеді. Бұған бапкерлер мен басқа да спорт мамандарының зор еңбек сіңіргені анық. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол.

Президент елімізде спорт саласын дамытуға айрықша мән берілетінін, жастардың жаппай спортпен айналысуына қажет жағдай жасалатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен бапкерлерге президенттің алғыс хаттары мен құрмет грамоталарын табыстады.