×

Яндекс.Такси-дің жүргізушілері шілдеден бастап салық төлейді

Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет

 Динара Амантай 16.05.2023 | 14:29
Фото: yandex.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, интернет-платформаны пайдалана отырып қызмет көрсететін азаматтарды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібін қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға кірісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жобаның маңыздылығы – интернет-платформалар арқылы жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту. Осындай интернет-платформалардың бірі – «Яндекс.Такси». Оларман тиісті келісімге қол қойылған. «Яндекс» интернет-платформасында тіркелген такси жүргізушілері пилоттық жобаға ерікті түрде қатыса алады. Ол үшін азаматтарға «e-salyq Business» мобильдік қосымшасын пайдаланып, арнайы салық режимін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет.

Пилоттық жоба шеңберінде жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және такси жүргізушілерінің табысынан медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жөніндегі міндеттемелер интернет-платформа операторына («Яндекс.Такси») жүктелетін болады. Интернет-платформа операторынан алынатын орындаушылардың табысы туралы мәліметтер негізінде салық пен әлеуметтік төлемдер сомаларын есептеуді мемлекеттік кірістер органдары іске асырады әрі операторға такси жүргізушілерінің табысы бойынша есептелген салық және әлеуметтік төлемдер сомалары туралы мәліметтерді береді. Интернет-платформа операторы салық пен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалуды және төлеуді кейін тиісті қорлар арасында бөлу әрі аудару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банк шотына әрбір әлеуметтік төлемге жеке төлем тапсырмалары арқылы жүргізетін болады.

Жоғарыда аталған тетіктерді іске асыру мақсатында қазір «Яндекс.Такси» және Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін техникалық интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Digital ID арқылы биометриялық сәйкестендіруден өту жолымен «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасында тіркелу рәсімін жеңілдету жоспарланып отыр.

Дайындық рәсімінің аяқталуы және пилоттың толық іске қосылуы 2023 жылдың 1 шілдесінен басталады деп күтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама