Байзақтағы жарылыс: Қорғаныс министрлігі өрт сөндірушілерге дұрыс ақпарат бермеген
Жарылыс салдарынан 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды
Тараз түбіндегі жарылыс кезінде әскери бөлімнің басшылығы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тротилден бөлек, жарылғыш заттар барын айтпаған. Бұл туралы Мәжілісте өткен үкімет сағатында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.
Өрт сөндірушілер өрт ошағына шығардың алдында барлау жасап, нысан иесінен жарылыстың қаупі туралы ақпарат алады. Дәл сол жерде нысан басшылығы да, қорғаныс министрлігінің басшылығы да тротилден басқа ештеңе жоқ деп мәлімдеген. Тротил жоғары температурада жанып кетеді, бірақ жарылмайды. Бұдан басқа ешқандай қауіп болмаған, - деді министр.
Өрт сөндірушілер қажет ақпаратын алған соң көрші тұрған қоймаларға су шашуға кіріскен.
Бірақ тергеушілер қоймадағы тротилдің детонациясын анықтады. Содан жарылыс болған. Енді кінәлі адамдарды сот анықтайды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Біздің қызметкерлеріміз де жарылыстың себебін анықтауға көмектесіп жүр, - деп атап өтті Ильин.
Еске салайық, 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.