×

Еуроодақ қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдететін болды

Екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығайтылмақ

 Динара Амантай 16.05.2023 | 11:03
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапары аясында Ішкі істер бойынша Еуропалық Комиссар Ильва Йоханссонмен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды бастау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Мұрат Нұртілеу сұхбаттасын Қазақстанның визалық саясаты, ҚР тарапынан ЕО үшін көші-қон тәуекелдерінің болмауы, Қазақстан Үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар және осы бағыттағы жұмыстың басқа да маңызды аспектілері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Өз кезегінде Ильва Йоханссон Еуроодақ Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін және тараптардың азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ұмтылатынын мәлімдеді. Еурокомиссардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі – тұрақты мәдени-гуманитарлық алмасуды қолдау.

Сындарлы көзқарасы үшін еуропалық тарапқа алғыс білдіре отырып, СІМ басшысы визалық режимді жеңілдету қазақстандықтардың үмітіне жауап беріп қана қоймай, ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың барлық кешенін дамытуға елеулі серпін беретінін атап өтті.

2017 жылдан бастап Қазақстан ЕО-ның барлық мемлекеттерінің азаматтары үшін іскерлік ынтымақтастықты, туризмді және адами байланыстарды дамыту үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді.

Визалық режимді жеңілдету қажетті құжаттар тізімін қысқартуды, визалардың ұзақтығы мен жиілігін арттыруды және т.б. қамтиды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама