Астанада 24 мектеп салу жоспарланып отыр

Дастан Жұмабекұлы

Қазір 14 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр

Фото: astana-akshamy.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы уақытта 24 мектептің салынатынын айтты. Ол жаңадан салынып жатқан мектептер туралы мәлімет берді.

Оның айтуынша, қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 11 мектеп келесі оқу жылына қарай салынып бітеді. Ол бірнеше мектептің құрылысымен танысты.

«Астана ақшамы» басылымының хабарлауынша, мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Көксеңгір көшесінің бойында, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан. Мысалы, Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы оқу орны 87 жыл бұрын салынған ескі мектепті алмастырады. Жаңа оқу орны екі ауысымда 2400 оқушы орнына есептелетін болады.

Сонымен қатар қала әкімі апатты деп танылған мектептердің орнына жаңа білім ордасы салынып жатқанын айтты.

Көксеңгір көшесіндегі мектеп (Кирпичный елді мекені, - ред.) осыған дейін апатты деп танылған. Қазір бұл мектептің орнында жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Бұл елді мекенде басқа мектеп жоқ. Сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқиды. Сондай-ақ Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысындағы және Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымды проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Бұл мектептердің әрқайсысы екі ауысымда 2400 оқушыға арналған, – деді қала әкімі.

Бұдан басқа, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектеп салынады.