Атырауда әскерден келген жігітті пышақтап кетті

Халық үні

Кикілжіңнің неден шыққанын полиция анықтап жатыр

фото: Астана телеарнасы

Атырауда әскерден келген жігітті пышақтап кетті. Ол былтыр күзде Отан алдындағы борышын өтеп, ауылына оралған. Тіпті екі ай бұрын қалыңдығын үйіне әкеліп, тойға дайындалып отыр екен. Алайда тойдың орнына жігіттің жаназасы өтті, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна хабарлауынша, оқиға Индер ауданындағы Жарсуат ауылында болды. Ауыл жастары ауыл сыртына демалуға шығады. Содан қайтып келе жатқанда Индер кентінің бір топ жігітімен арада төбелес болған. Бірақ марқұм жігіт достарымен демалысқа бармаған. Ол топтың ортасына қайдан тап болғаны белгісіз. Белгілісі, пышақ жарақатынан көз жұмады.

«Индерден бір-екі машинамен бе, оншақты бала келген, 12 бала келді дейді. Бірақ маевқа тарағаннан кейін бері келе жатқанда, мына тоғай мен ауылдың ортасында, шет жақта бір таса жер еді.Төбелескенде құрдас балалар шақырған болар, ойбай біз төбелесіп жатырмыз деп. Кел дейді ғой, телефонмен шақырады бірін-бірі қазір. Групповой төбелес болған енді. Бұрыннан кикілжің бе, әлде ортада қыздар бар ма , ол жағы білмеймін», дейді Жерсуат ауылдық округінің әкімі Ербол Бөкеев. 

Кикілжіңнің неден шыққанын полиция анықтап жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторында.

«ҚК 99 бабы 1-бөлігіне сәйкес, яғни Адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде. Сондай-ақ 2003 жылы туылған күдікті қазіргі таңда анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына 2 ай мерзіміне қамауға алынды. Сот медициналық сараптама тағайындалды», облыстық ПД-нің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.