×

Қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі әзірленді

Азаматтардың жағдайы берілген балдарды жинақтау жолымен 5 санатқа бөлінеді

 Динара Амантай 15.05.2023 | 13:16
Фото: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесін әзірледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, азаматтардың әлеуметтік мәртебесін айқындау мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде Отбасының цифрлық картасымен автоматты режимде іске асады.

Отбасының әлеуметтік әл-ауқатының деңгейі мынадай көрсеткіштерді талдау негізінде айқындалатын болады:

- кірістер мен несиелік міндеттемелердің болуы;

- жұмыстың болуы (отбасының еңбекке қабілетті мүшесінің жұмыспен қамтылуы);

- тұрғын үйдің, жеке қосалқы шаруашылықтың, жер учаскесінің болуы;

- жылжымалы мүліктің болуы;

- әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету;

- денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету;

- білім беру саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету.

Отбасын (адамды) талдау қорытындысы бойынша олардың әлеуметтік жағдайына сәйкес жоғарыда аталған әрбір көрсеткіш бойынша берілген балдарды жинақтау жолымен 5 санатқа бөлінетін болады:

- жақсы деңгей, 1 800 және одан жоғары балл;

- қанағаттанарлық деңгей, 730-дан 1 799 баллға дейін;

- төмен деңгей, минус 30-дан 729 баллға дейін;

- дағдарыс деңгей, минус 460-тан минус 29 баллға дейін;

- мүшкіл деңгей, минус 459 баллға дейін.

Қанағаттанарлық деңгей отбасының (адамның) өз жағдайын жеңе алатындығын білдіреді. Қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға консультациялық және әдістемелік қолдау көрсетілуі мүмкін.

Төмен деңгейде отбасы немесе адам тиісті мемлекеттік органдардың көмегі мен қолдауы шартымен өз мәселелерін дербес шеше алады.

Дағдарыс деңгейіндегі азаматтар күрделі мәселелерді өз бетінше шеше алмайды және олардың жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік органдар тарапынан кешенді көмек қажет.

Қиын жағдайға тап болған отбасы (адам) қаржылық қиындықтарға тап болады және өзінің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды. Бұл жағдайда тиісті мемлекеттік органдардың шұғыл араласуы қажет.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар әлеуметтік төлемдер мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қоса алғанда, мемлекеттен кешенді қолдау шараларын алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама