Орал қаласы әкімдігі ағаштарды кесу фактісі анықталғанын растап отыр
Жайық өзенінің ірі саласы - Шаған өзенінің жағасын орман-тоғай көмкерген. Соңғы жылдары түрлі желеумен жасыл желекті отап, орман арасынан өздеріне ыңғайлы жер телімін «реттеп алатын» кәсіпкерлер көбейді.
Halyq Uni тілшісі Шаған жағалауының Жас натуралистер станциясы аумағындағы орманның оталғанын көріп, 30 наурызда Орал қалалық әкімдігіне сұрау жолдаған едік.
Оталғаны ғарыштан да көрінетін мына жер жеке меншікке тиесілі екен. Арнайы бағдарлама арқылы есептелгендей, ағашы кесілген аумақ 10 мың шаршы метрді құрайды екен.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев аталған жер учаскесінде орналасқан жасыл алқаптағы ағаштарды кесу фактісі анықталғанын растап отыр. Айтуынша, ағаштарды кесуге ешқандай өтініш түспеген және әкімдік тарапынан ағаш кесуге рұқсат берілмеген.
«Аталған терек кесу фактісі бойынша жер учаскесінің меншік иесіне қатысты тиісті шара қолдану қажеттігі туралы жоғары тұрған құзырлы мекемелерге - Орал қаласының прокуратурасына, БҚО полиция департаментіне, БҚО бойынша экология департаментіне, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хат жолданды», - дейді Ж.Дүйсенғалиев.
Нұрлыбек Рахман, БҚО