Halyq Uni логотип
×

Домбыра үйреніп жүрген қытай балаларының саны артқан

Олардың бір бөлігі домбыраның отаны – Қазақстанда оқуын жалғастыруға ниетті

 Еркеғали Болатұлы 14.05.2023 | 11:42
Домбыра үйреніп жүрген қытай балаларының саны артқан
фото: ашық дереккөз

Қытайда қазақтың қара домбырасын үйренемін деуші қытай балаларының саны артқан. Домбыраның арнайы курсынан өткен соң олар Қазақстанға келіп, білімдерін шыңдамақ, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Біз алыста тұрамыз. Сондықтан әдетте ұлым аспапты онлайн үйренеді. Бейжіңге айына бір келеміз. Ұшақпен ұшып келу 3 сағат алады. Мереке кезінде келуге тырысамыз. Себебі қосымша сабақты қатар алып кету мүмкіндігі туады. Ұлым домбыраны өте жақсы көреді. Ал біз оның осындай ерекше аспапты таңдағанын құп көрдік, - дейді Лан Тянь атты оқушының анасы Ши Дэхуа.

Сондай-ақ Лан Тяньның ұстазы Лю Хуэй домбыраны балаларға оңай үйренуге болатын аспап деп отыр. Бүгінде Бейжің балаларына аспапта ойнауды үйретіп жүрген ол домбырамен алғаш 13 жасында танысқан. Ұстазы Иманәлі Төлеубайдың алғашқы шәкірті екен.

Қазір Қытайда домбыра өте танымал, орындаушылар оның сүйемелдеуімен ән айтқанды ұнатады. Олар үшін бұл – керемет гармоникалық құрал. Балаларға келетін болсақ, мұнда домбыраның танымалдығы оның әуезділігіне байланысты, дыбыстар жүрек тереңдігімен синхрондалады. Балалар бұл құралды өте жақсы көреді, - дейді Лю Хуэй.

Ал Қытайдың Мемлекеттік балалар орталығында домбыра сыныбы 2 жыл бұрын ашылған. Оқытушының айтуынша, бұл – ҚХР астанасындағы балаларға қазақ ұлттық аспабын үйрететін жалғыз орталық.

Менің тобымда негізінен моңғолдар мен қытай балалары бар. Мен балаларға күйлердің тарихын, әртүрлі ертегілерді айтып отырамын, - дейді Лю Хуэй ұстаз.

Топтағы үлкен балалардың жасы 13-те, ал ең кішісі 4-те екен. Ұстаздың айтуынша, сабаққа қатысып жүрген оқушылардың бір бөлігі домбыраның отаны – Қазақстанда оқуын жалғастыруға ниетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама