Бұл жарыс ертең мәресіне жетеді
Байдарка мен каноэде ескек есуші Мария Бровкова Венгрияда өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды.
Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, Венгрияның Сегед қаласында өтіп жатқан байдарка және каноэде ескек есуден Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Мария Бровкова алтын медаль жеңіп алды. Ол C – 1 санатындағы 1000 метрге жарыста мәре сызығын бірінші болып кесті (4:49.91 секунд). Одан кейінгі сатыға әлем чемпионатының күміс жүлдегері венгр Жофия Кисбан мен оның отандасы Жофия Каталин Чорба орналасты.
Бұл кезең ертең, 14 мамырда мәресіне жетеді.
Жалпы, Сегед қаласындағы жарыс жолы 18 жастағы спортшыға жақсы таныс. Мария былтыр осы қалада өткен 23 жасқа дейінгілер арасындағы каноэ мен байдаркада ескек есуден әлем чемпионатында С – 1 1000 метрде бас жүлдені жеңіп алған.