«Жасыл мекен» челленджі аясында 187 мың көшет отырғызылды

Динара Амантай

Челленджге атсалысқан 25 мыңға жуық педагог жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, оларға үлгі көрсетті

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған экологиялық акцияға еліміздің 7 мыңнан аса орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Олардың қатарында педагогтер, ата-аналар, оқушылар мен студенттер, сондай-ақ Оқу-ағарту министрі, Экология және табиғи ресурстар министрі, Парламенті Мәжілісінің депутаттары, құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары бар.

Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл мекен» республикалық челленджі Астана уақытымен сағат 12:00-де басталды. Ақмола облысының №1 Қоянды мектебінің оқушыларымен бірге көшет отырғызуға ведомстыо басшысы Ғани Бейсембаев пен Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қатысты.

Оқу-ағарту министрі республикалық іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, оқушыларды қоршаған ортаны қорғауға, еңбекқорлыққа шақырды.

Бұл челлендждің негізгі мақсаты – барлық Қазақстан мектептеріндегі оқушыларды, ұстаздарды табиғатымызды аялауға, оны қорғауға және ең бастысы еңбекқорлыққа баулу. Көшет, жасыл-желек отырғызып біз еңбектенуді, туған жерге жанашыр болуды үйренеміз. Бұл дәстүрлі шараға ұласып, қоғам үшін үлгі болуы тиіс, - деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, экологиялық мәдениетті дамыту мен туған өлкенің табиғатын аялауға негізделген челлендж аясында ел бойынша 187 мың көшет,150 мың гүл егілді. Іс-шараға 9, 10 және 11 сыныптардан 750 мыңға жуық оқушы қатысты. Челленджге атсалысқан 25 мыңға жуық педагог жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, оларға үлгі көрсетті.