Halyq Uni логотип
×

ЛГБТ, ұлттық идеология: Көлгінов Назаровқа жауап берді

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ең алғашқы сауалын Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке жолдап, ЛГБТ мәселесі қоғамға қауіпті екенін мәлім еткен еді.

 Халық үні 13.05.2023 | 06:27
ЛГБТ, ұлттық идеология: Көлгінов Назаровқа жауап берді
Фото: видеодан алынды

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ең алғашқы сауалын Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке жолдап, ЛГБТ мәселесі қоғамға қауіпті екенін мәлім еткен еді. Тіпті өзін сынағандарды депутат «ұлдарыңыз еңгезердей қызтекені ертіп келсе, батаңызды бересіз бе?» деп түйрей сөйлегені бар. Ақыры, Көлгінов Назаровқа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Назаров неге назар аударды?

Депутаттық сауалында Ардақ Назаров биыл 8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өткенін, ол шерудің алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болатыны айтылғанын атап өткен. Назаровтың сөзінше, бірақ, олай болмаған. Жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында гомосексуализмді насихаттаған. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүрген.

«Жалпы, соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Насихаттаушылардың артында Батыстың халықаралық ұйымдары тұрғаны да бәрімізге мәлім. Ең сорақысы, гей-насихат қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де өте қарқынды насихатталып жатыр. Мұны сондағы оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан ашық аңғаруға болады”, – дейді Назаров.

Депутат қоғамда бұл дерттің асқынуын идеологияның әлсіздігінен деп есептейді. Оның сөзінше, ЛГБТ-ға қарсы шыққан адамдарды қазір «толеранттық», «төзімділік» деген сөздерді қалқан етіп, әлеуметтік желілерде қаралайды.

«Осындай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен «отау құрып» жатса, толерантты болып, батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе, төзесіз бе?”, – деді мәжілісмен.

Оның пікірінше, ЛГБТ идеологиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тоз-тозын шығаруды көздейді.

Бұл идеологияның тамырына балта шабылуы керек деп есептейтін депутат үкіметтен төмендегі ұсыныстарын шұғыл назарға алуды сұрады. Атап айтқанда, ол митингке келген балалардың ата-аналарынан сұрау алуды, барлық платформаларда, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салуды талап еткен. Сондай-ақ, депутат теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормалары жасақталып, Парламентке қарастыруға енгізілсін деген.

Көлгінов не дейді?

Депутаттың бұл сауалына жауап берген Көлгінов 8 сәуірде шынында да митинг өткенін, алайда ол жерде кәмелетке толмаған балалар жүрмегенін атап өтеді. Яғни Назаров талап еткендей, ата-аналардан жауап алынбаған.

Ал барлық платформада, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және ілгерілетуге тыйым салуға қатысты сұраққа Көлгінов идеологиялық тұрғыда жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен. Отандық көркем фильмдер мен мультипликациялық сериалдар жарыққа шығарылғанын, отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған бағдарламалар да көрсетіліп жатқанын жеткізген.

«БАҚ-қа жүргізілген мониторинг нәтижесінде халықтың дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын бұзуға бағытталған материалдар тіркелмеді. Сондай-ақ, телеарналарда азғындықты насихаттайтын және қоғамға моральдық зиян келтіруге шақыратын бағдарламаларға жол берілмейтінін атап өткен жөн. Меморгандар арқылы интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2023 жылғы 31 наурыз аралығында порнографиялық материалдарды, есірткі құралдарын таратуға, суицидті насихаттауға байланысты 10 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Жалпы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан жоғарыда аталған бұзушылықтардың барлық түрлері бойынша интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер әкімшіліктерінің атына заңсыз материалды жою бойынша шаралар қабылдау туралы 417 хабарлама жолданды», – дейді Көлгінов.

Алтай Көлгіновтың сөзінше, балалардың ақпараттық қауіпсіздігін заңнамалық қамтамасыз етуге деген әлеуметтік сұраныс артып келе жатыр. Осыған байланысты білім, мәдениет, жастар саясаты саласында вице-премьер бірнеше тұжырымдама қабылданғанын атап өтеді. Алайда жауабында ЛГБТ деген сөзді қолданбайды.

«Жалпы, депутаттық сауалда көрсетілген өзекті мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылған және уәкілетті органның тұрақты бақылауында. Жоғарыда айтылғанның негізінде көтерілген мәселелердің еліміз үшін маңыздылығын ескере отырып, оны шешу бағытында Үкіметпен қатар қоғам өкілдерінің, сонымен қатар депутаттық корпустың атсалысуы маңызды деп санаймыз», – деп түйіндеді Алтай Көлгінов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама