Петропавлда көлігі айып тұрағында өртенген жүргізушілер бас көтерді
Айып тұрағындағы 6 көлік өртенген, төртеуі зақымданған
Петропавлда көлігі айып тұрағында өртенген жүргізушілер бас көтерді. 14 сәуір күні сағат 16:30-да Северная көшесі 1Б мекен-жайында қамыс өртеніп, өрт сол жердегі айып тұрағына жеткен. Өрт салдарынан бірнеше автокөлік жанып кеткен.
Әзірге өртенген көліктердің иесі нақты кім екені белгісіз. Айып тұрағында болған төтенше жағдайды естіген халық таңнан бері өрт шыққан аумақты торуылдап жүр. Әкімдік өкілдері, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар ешкімді айып тұрағының ішіне кіргізбей қойды.
«Мұнда тұрғанымызға бірнеше сағат болды. Экономикалық тергеу департаментінің мамандары, полиция қызметкерлері де келді. Әкімдік өкілдері де осы жерде жүр. Бірақ түрлі сылтау айтып, бізді ішке кіргізбей тұр. Кімнің көлігі жанып кеткені туралы ешкім ештеңе айтпайды. Біз көлігімізді алып кеткелі жатқан жоқпыз. Тек мүлкімізге зақым келмегеніне көз жеткізгіміз келеді» , - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Игорь Росинский.
Жүргізушілердің айтуынша, айыппұл тұрағында ешқандай қауіпсіздік шаралары жасалмаған. Тіпті, мұнда бірнеше күннен бері электр жарығы жоқ. Бір миллион теңгеге жуық қарызын төлемеген соң, монополистер жарықты қиып кеткен. Салдарынан өрт кезінде айналадағы бейнебақылау камералары да істен шыққан.
«Берешек шамамен 900 мың теңгені құрады. «Коммунхоз» серіктестігінің есеп шоты жабылып, олар төлемді уақытылы жасамаған. Салдарынан бірнеше күн бұрын мамандар жарықты қиып кеті. Ал мына азаматтардың тізімі журналда жоқ. Біз олардың кім екенн де білмейміз. Сондықтан біз оларды ішке кіргізе алмаймыз», - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Жанболат Батырбеков.
Аталған фактіге байланысты төтенше жағдайлар қызметінің мамандары материал жинақтап, оны Петропавл қалалық полиция басқармасына жіберген. Алдағы уақытта бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалуы ықтимал.
«Төтенше жағдай кезінде 6 көлік өртенді. Оның төртеуіне бүлініп кетті. Өртті сөндіру оңай болған жоқ. Себебі айыппұл тұрағыа ауыр техникамен кіре алмадық. Айналасы батпақ, жол жоқ. Тұрақтағы көліктер де бір-біріне өте тығыз орналасқан» , - дейді облыстық ТЖД басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.
Қазір айып тұрағында 300-ден астам көлік бар. Әзірге белгілісі, өртенген көліктердің дені Ресейден Қазақстан аумағына жалған кедендік құжатпен қосалқы бөлшек түрінде жеткізілген. Көлік контрабандасымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтің ісі қазір сотта қаралып жатыр.