Жалпы есепте ол 400 келімен топ жарды
Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында ауыр атлетикадан ересектер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Нұрғиса Әділетұлы алтын медаль жеңіп алды.
Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, Нұрғиса Әділетұлы серпе көтеруде 181 келімен аяқтап, осы бағдарламада кіші күміс медаль алды. Ал жұлқа көтеруде барын салып, 219 кг зілтемірді басынан асырды. Бұл осы жаттығудағы алтын жүлде. Жалпы есепте ол 400 келімен топ жарды.
Айта кетейік, ерлер арасындағы 102 кг Олимпиада бағдарламасына кіреді. Нұрғиса былтыр Колумбия астанасы Боготада өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алған.