Атырауда мүгедектерден пара алған екі шенеунікке қатысты қылмыстық істі тергеу басталды
Олар мүгедектікті кедергісіз ұзартқаны үшін жүйелі түрде пара алып келген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы және осы ведомствоның бөлім басшысына қатысты қылмыстық істі тергеуді бастады.
Лауазымды тұлғалар мүгедектікті кедергісіз ұзартқаны үшін мүгедектерден жүйелі негізде 30 000-нан 70 000 теңгеге дейін пара алған деген күдік бойынша тергеліп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Қылмыстық кодекстің 366-бабында айтылғандай, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның (пара алған жағдайда) мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.