Конкурсқа барлығы 120 елдің командасы қатысты
«Болашақ» бағдарламасының түлегі Досжан Жүсіповтің медициналық стартапы Global Startup Awards халықаралық конкурсында Best VerTech startup-2023 номинациясы бойынша жеңіске жетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, конкурстың финалы Дания астанасы Копенгагенде өткен. Қазақстандықтар Кения, Нигерия, Түркия, Дания, Өзбекстан және Норвегиядан келген бәсекелестерді басып озды. Конкурсқа барлығы 120 елдің командасы қатысты.
Досжан Жүсіповтің «Cerebra» атты инновациялық әзірлемесі дәрігерлерге барынша жылдам әрі нақты инсультті диагностикалауға көмектеседі. Жасанды интеллект 4 минуттың ішінде инсультті анықтайды және бас миының нақты картинасын ұсынады. Досжанның айтуынша, әдеттегі практикада бұған дәрігерлердің бірнеше сағаты кетеді, ал өңірлерде анықтау үшін тәулік өтуі мүмкін. Платформа ишемиялық және геморрагиялық инсультті анықтайды.
Шетелде жобаға АҚШ, БАӘ және Өзбекстан да қызықты. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әлемде бұған ұқсас құрылғының 6 түрі бар, алайда олар біздің технологияға қарағанда өте қымбат. Қазақстандық клиникаларда инновациялық әзірлеме тегін жұмыс істейді. Қазір елімізде 50 аурухана Cerebra-ны қолданып отыр, - деді Досжан Жүсіпов.
Бұрын оның жобасы Emerge Challenge-2021 финалисі атанып, 700 стартаптың ішінен 5 және Slingshot-2020 нұсқасы бойынша 500 үздіктер қатарына енді.
2022 жылдың желтоқсанында Cerebra жеделдетілген есептеулер үшін инновациялық бағдарламалық шешімдер әзірлейтін стартаптарға арналған Intel@oneAPI бағдарламасына қосылды.