Сондай-ақ оның 5 орынбасары тағайындалды
Бүгін Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан ақын-жазушыларының кезекті ХVІ құрылтайы өтті.
Бес жылда бір рет өтетін жиында алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушыларға құттықтауын жеткізді. Ал одақтың басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет 5 жылда атқарылған жұмыстар жөнінде есептік баяндама жасады. Осы орайда ол өзінің 15 елдің қаламгерлері мүше ретінде кірген Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы болып сайлануына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді.
Сондай-ақ құрылтайда жазушылар Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев, ақын-драматург Иранбек Оразбаев, Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса және басқалар сөз алып, әдебиеттің толғақты мәселелеріне тоқталды.
Одан кейінгі басқарма жиынында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ оның орынбасарлары болып Нұржан Қуантай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибек және Бейбіт Сарыбай тағайындалды.
Айта кетейік, қаламгер-журналист Мереке Әбдешұлы Құлкенов 1951 жылы 8 қарашада Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген (1978). Бірнеше кітаптың авторы. Солардың бірі – Рахымжан Отарбаевпен бірлесіп жазған «Бас» драмасы үшін Мәдениет министрлігі жариялаған «Бәйтерек» республикалық байкауында 2-орынға ие болды (2004 ж.).
1970 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін 1971-1973 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің газет-журнал баспасы баспаханасында баспагердің көмекшісі болды.
Университетті бітірген соң бұқаралық ақпарат құралдарында:
«Құрмет» ордені, «Алтын жұлдыз» ұлттық журналистік сыйлығы, т.б. бірнеше медальдармен марапатталған.