Ол болашағын Қазақстанмен байланыстырады
Қазақстандық Сатима Вальсоны Netflix фильміне түсті, деп хабарлады IQanat қорының баспасөз қызметі.
Сатима Вальсоны – IQanat-тың алғашқы түлектерінің бірі, 2018 жылғы олимпиада финалисі. Ол – ШҚО Зайсан ауданының тумасы. Қазақстандық Netflix-тің келесі күзде шығатын фильмінің түсіріліміне қатысты. Фильмде апокалипсистен кейін бір елден басқа мемлекетке әртүрлі халықтың қалай көшкені баяндалады, - деп жазылған хабарламада.
2019 жылы Сатима қордың қолдауымен Литвадағы Витаутус Магнус университетіне грантқа түскен. Биыл қазақ қызы оқуын бітіреді. Ол Қазақстанға оралып, елімізде жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, IQanat – 100-ден аса қазақстандық кәсіпкердің ауыл балаларына қолдау көрсету мақсатында ашылған білім беру жобасы. Осы бағдарлама арқылы ауыл балалары сапалы білім алып, Қазақстандағы және әлемдегі үздік университеттерге түсе алады.