Қазақстанда әлемдік 9 университеттің филиалдары ашылады
Сондай-ақ өңірлердегі қазақстандық университеттерді халықаралық деңгейдегі ЖОО-ға айналдыру бойынша бастамалар іске асырылып жатыр
Елімізге 2029 жылға дейін 9 беделді шетелдік университетті шақыру жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Азия университеттері альянсы (АУА) саммитінің аясында Астана қаласында өтіп жатқан ұйым президенттерінің форумында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Саммит – Альянстың негізгі іс-шараларының бірі, сондай-ақ ғалымдар, зерттеушілер мен саясаткерлер жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен даму үрдістерін талқылайтын платформа.
Биыл Назарбаев Университеті қабылдаушы тарап болып отыр.
COVID-19 пандемиясы, технологиялық революция, жасанды интеллекттің дамуы және басқа да факторлардан туындаған әлемдегі қарқынды өзгерістер әртүрлі салаларда, әсіресе білім беру саласында инновациялық шешімдерге деген сұранысты арттыруда, – деді Әлихан Смайылов.
Әлемдегі үрдістерді ескере отырып, Қазақстан 2027 жылға қарай ғылыми зерттеулерді қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 1%-на дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар экономиканың барлық саласын қарқынды цифрландыру аясында Үкімет еңбек нарығына қажетті мамандарды тиісті деңгейде дайындау үшін жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Оған қоса, беделді шетелдік университеттермен арадағы ынтымақтастық нығайып жатыр. Мәселен, төрт халықаралық ЖОО Қазақстан өңірлерінде өз филиалдарын ашты. Олардың арасында University of Arizona мен Heriot-Watt University бар. 2029 жылға дейін кем дегенде тағы 9 танымал университетті шақыру жоспарланып отыр.
Қазір өңірлердегі қазақстандық университеттерді халықаралық деңгейдегі оқу орындарына айналдыру бойынша бастамалар іске асырылып жатыр. Ол үшін оқу орындарын жабдықтау және зерттеу зертханаларын құру жұмыстары жүргізілуде. Аталған орталықтар өңірлердегі стандартты көтеріп, академиялық және ғылыми дамуға ықпал ететін болады, – деді Әлихан Смайылов.