Қазақстанға 760 млрд теңгенің активтері қайтарылды – Бас прокуратура
Шетелге 575 млн доллар заңсыз шығарылған
Бүгін Бас прокуратурада экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Отырыста Бас прокурор Берік Асылов комиссия мүшелерінің алдында президенттің активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын сапалы орындаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Бұл ретте тергеп-тексерулер мен тексерістер орбитасына адал бизнесті тартуға жол берілмейтініне назар аударылды.
Жалпы бүгінде Қазақстанға ортақ күш-жігермен 760 млрд-тан аса теңгенің активтері қайтарылды. Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар алынды. Қайтару шаралары комиссияның барлық мүшесімен және тартылған мемлекеттік органдармен қабылданады, - деп жазылған хабарламада.
Жоғарғы сот бұрын негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерге Бас прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырды.
Мысалы, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды.
Басқа жағдайда Жоғарғы соттың қаулысы астаналық «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару жөніндегі ондаған талапты қанағаттандырды.
Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер және тағы басқа бар.
Мәселен сот шешімі бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытының меншігіне Атырау қаласындағы сұйытылған мұнай-газды сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды.
Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 млрд теңгеге активтерді қайтаруды қамтамасыз етті. Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар бар.
Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден аса сұрау хат жолданды. Олар бойынша 100 млн доллардан асатын мүлікке тыйым салынды.
Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының (ҚӨТ) кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд-тан аса теңге салық өндіріп алды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚӨТ компанияларына 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды, ал БҚДА 4 млрд теңгеге санкция қолданды.
Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мыңнан аса гектар жер қайтарылды.
Сондай-ақ нарықтық бағадан 4 есе арзанға сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайы мемлекетке қайтарылды.
Шетелде мүлікті анықтау үшін шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.
Биыл сәуірде Швейцарияда Қазақстанның бас прокуратурасы мен Базель басқару институты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы институттың құрамына кіретін Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталығы (ICAR, әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі) бұл бағыттағы жұмыс жалғастырып жатыр.