Halyq Uni логотип
×

Пандемия кезінде үй бетін көрмей жұмыс істеген шымкенттік дәрігерлер уәде етілген үстемеақысын ала алмай жүр

Басқарма басшысынының сөзіне сенген жеке клиника да қарызға батып, жабылып қалған

Пандемия кезінде үй бетін көрмей жұмыс істеген шымкенттік дәрігерлер уәде етілген үстемеақысын ала алмай жүр
фото: Halyq Uni

Шымкентте коронавирус індеті өршіп тұрған кезде үй бетін көрмей жұмыс істеген медицина қызметкерлері басқарма уәде еткен былтырғы еңбекақысы мен үстемақысын сол күйі ала алмай жүр.

Қалалық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Бақытжан Пазылов індет өршіп тұрғанда лицензиясы жоқ жеке клиникаға науқастарды қабылдауға бұйрық беріп, жұмыс істеуге рұқсат еткен. Ал, елдегі эпидемиологиялық ахуал реттелгенде, кезінде уәдені үйіп-төккен басқарма башысы медицина қызметкерлерінің еңбегін лайықты бағаламай отыр екен.  

«Бұйрық бойынша басында 850 мың теңге үстемеақы төленеді деп айтылған. Сосын арада 10-15 күн өткен соң үстемеақы сомасы 420 мың теңгеге дейін түсті деді. Халық үшін оған да көндік. Жалақы мөлшері 90-100 мың аралығында болатынын айтты. Оны да мақұл көрдік. 10 күн ішінде айлығымызды беруге уәде етті», - дейді жалақысын ала алмай жүрген медбике Ұлзада Жұманова.

Басқарма басшысынының сөзіне сенген жеке клиника өкілдері мекеменің қарызға белшеден батып, жабылып қалғанын айтады. Себебі, шенеуніктер айтқан уәдесінде тұрмаған.

Басқармасының басшысы Бақытжан Пазылов мырзаның сөзіне сеніп, оның бұйрығымен лицензиясы жоқ жеке клиниканың жұмысын бастап кеттік. Қазір 118 млн теңге көлемінде қарыз мойнымызда тұр, - дейді клиниканың заңды өкілі Ерболат Марзақұлов.

Шымкент қаласының бас дәрігер Бақытжан Пазылов тағы да «бәрін шешемін» деген құр сөзбен жауап берді.

«Бұл кісілер осы уақытқа дейін адвокат жалдаған болатын. Дәл қазір адвокаттың ешқандай жұмыс істемегенін біліп отырмын. Енді өзім адвокат тауып, жұмысты соңына дейін жеткіземін. Бізді де түсініңздер. Еріккеннен ашқан жоқпыз. Науқастарды емдеу үшін, өмірін алып қалу үшін істедік. Егер мен соны ашпайтын болсам, адамдардан айырылатын едік. Мені соттап жіберетін еді», - дейді басқарма басшысы.

Лайықты ақысын ала алмай жүрген, жеке клиниканың жабылуына байланысты жұмыссыз қалған медицина қызметкерлері жақын арада клиника басшылығы мен жауапты шенеуніктерден көмек болмаса, тиісті министрлікке арыз жазуға бекініп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама