«Тұрғындардың пікірі ескерілді»: Қарағанды мен Ұлытау облыстарының аумағы бекітілді
Қарағанды облысының аумағы - 23 904 635 га, Ұлытау облысының аумағы - 18 893 661 га
Қарағанды облысының мәслихаты Ұлытау мен Қарағанды облысының аумағына кіретін аудандар мен қалаларды бекітті.
Жаңадан құрылатын Ұлытау облысына Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал қалалары және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіреді. Облыс орталығы - Жезқазған қаласы.
Қарағанды облысының құрамында Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары мен Қарағанды (облыс орталығы), Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қалалары қалады.
Қарағанды облыстық Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың айтуынша, Ұлытау облысын құру бойынша әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу алгоритмі әзірленді.
12-13 сәуірде Жезқазған, Қаражал, Сәтпаев қалалары мен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында Ұлытау облысының құрамына енгізу мәселесі бойынша мәслихаттардың қалалық және аудандық сессиялары өткізілді. Сессия қорытындысы бойынша тиісті бірлескен актілер алынды.
Сондай-ақ Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары өңірді бөлудің орындылығы туралы оң қорытынды берген.
Шешім тексерілді. Аймақтың бөлінуі барлық жағынан қарастырылған. Тұрғындардың пікірі ескерілді, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Еске сала кетейік, 16 наурызда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру туралы айтқан болатын.
«Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз», - деді Президент.