Антикор күдіктілердің қандай кабинеттерде тергелетінін көрсетті (ВИДЕО)
Кабинеттерде Гезелланың брондалған айналары орнатылған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жауап алу және сотқа дейінгі тергеу кабинеттерін көрсетті.
Жауап алу және сотқа дейінгі тергеп-тексеру кабинеттері төрт үздіксіз бейнебақылау камерасымен жабдықталған.
Екі камера агенттіктің Астана қаласы бойынша департаментінің кезекші бөліміне қосылған.
Үшінші камера арқылы Бас прокуратураның қызметкерлері күдіктілерден жауап алу процесін қадағалайды. Бұл камераға тек прокурорлар ғана қол жеткізе алады, ал бейнематериалдар Бас прокуратураның серверінде сақталады.
Төртінші камера осы кабинеттегі болып жатқан жағдайлардың барлығын түсіреді.
Жалпы, департамент ғимаратындағы бейнебақылау жүйелері жеке гигиена орындарын қоспағанда, келушілердің кабинеттерге бару бағытын қамтиды, – делінген агенттік хабарламасында.
Сонымен қатар, кабинеттерде Гезелланың брондалған айналары орнатылған. Олар «тұлғаны анықтау» сияқты тергеу әрекеттерін жүргізу үшін қолданылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2020 жылдан бастап күзетпен ұстауға қатысы жоқ бұлтартпау шарасы қолданылған адамдарды қадағалаудың электронды білезіктерін пайдалану бойынша халықаралық тәжірибені қолданады.
Электронды білезік – күдіктінің немесе айыпталушының аяғына бекітілген радиоэлектрондық модуль. Оны алып тастауға немесе оған кез келген механикалық әсер етуге тырысу дабыл жүйесінің қосылуына және хабарламаны Антикордың кезекші бөліміне жіберуге әкеледі.