×

1,4 млн гектардан астам жерге егін егілді

Биыл 23,4 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 11.05.2023 | 09:24
фото: ашық дереккөз

Елімізде көктемгі егіс жұмыстары аясында 1,4 млн гектардан астам жерге егін егілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, егін егу қарқынды жүріп жатыр. Оңтүстік өңірден басталған науқанға еліміздің батыс және шығыс аймақтары да қосылды.

Биыл 23,4 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр.

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, жемшөп дақылдарының, сондай-ақ қант қызылшасының егіс алқаптарын ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар күнбағыс, көкөніс-бақша, картоп және қарақұмық алқаптары ұлғайтылады.

100% тұқым себілді. Фермерлер 2,3 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырды. Сондай-ақ өңірлерде, қоймаларда тұқым қоры қалыптасты. 2023 жылға жергілікті бюджеттерде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 млрд теңге қарастырылған.

Бүгінде өңірлерге бөлінген 419 мың тоннадан 284,4 мың тоннаға жуық жеңілдетілген дизель отыны жөнелтілді. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, фермерлер үшін еліміз бойынша орташа баға нарықтық бағадан үштен біріне арзан және литріне 204 теңге болды.

Жалпы, «Кең-дала» бағдарламасы бойынша көктемгі науқанды қаржыландыруға 140 млрд теңге қарастырылған, ол шамамен 2 млн га алқапқа егін егіп, оны жинауды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қазір фермерлерге 133,8 млрд теңге төленді.

Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы форвардтық сатып алу бағдарламасын жалғастырып, ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тауарлық несиелер беруді бастады. Оған кемінде 70 млрд теңге көзделіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама