Келес өзеніне батып кеткен 11 жастағы қыздың мәйіті табылды
Мектеп оқушысының денесі судан 4 сағаттан кейін шығарылды
Түркістан облысы Келес ауданында суға батып кеткен 11 жастағы қыздың денесі табылды. «Ошақты» арнасына құлап кетіп, содан қайта шыға алмаған. Оқиға Абай ауылында болған.
Оқиға кезінде жасөспірімнің қасында болған құрбысы оның ойнап жүріп, абайсызда суға батып кеткенін айтқан. Қыз баланың мәйіті құлаған жерінен төмен қарай 5 шақырым жерден табылып, судан шығарылды.
Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Шыңғысхан Уатбаевтың айтуынша, 4-сынып оқушысы «Ошақты» арнасының маңында жүріп, абайсызда суға түсіп кеткен. Оны іздестіру мақсатында төтенше жағдайлар басқармасынан 2, 19 өрт сөндіру бөлімінен 4, полиция бөлімінен 8, жергілікті атқару органдардан 4 қызметкер және туыстардан 12 адам іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Іздестіру кезінде «Ошақты» арнасының суы уақытша тоқтатылып, түсіп кеткен жерінен шамамен 5 шақырым жерден қыздың денесі 4 сағаттан кейін шығарылды.