Halyq Uni логотип
×

Бокстан ӘЧ: жартылай финалдағы қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды

Жартылай финал ойындары 12 мамырда өтсе, финал 13 және 14 мамыр күндеріне белгіленген

 Халық үні 11.05.2023 | 07:47
Бокстан ӘЧ: жартылай финалдағы қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды
ашық дереккөзден

 Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына Қазақстан құрамасынан 5 боксшы шықты.

Жартылай финалға жолдама алған боксшылар жөнінен ел құрамасы төртінші орында тұр. Көш басында 9 боксшысы жартылай финалға шыққан Өзбекстан құрамасы орналасқан. Одан кейінгі орындардағы Куба мен Ресейдің еншісінде 6 спортшыдан бар.

Ал Грузия, Үндістан, Франция және Испания 3 боксшыға үміт артса, Армения, Моңғолия, Бразилия және Әзербайжан екі, Қырғызстан, Иордания, Тәжікстан, Қытай, Мексика және Италия бір-бір спортшысын бәсекеге қосады.

Қазақстандық боксшылардың жартылай финалдағы қарсыластары

Ел құрамасынан шаршы алаңға бірінші болып шығатын Санжар Тәшкенбай (48 келі) таиландтық Вуттичай Юрачаймен қолғап түйістіреді. Қарсыласы 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Ал Махмуд Сабырхан (54 келі) финалға берілетін жолдаманы кубалық Йосвани Вейтимен сарапқа салады. Кубалық спортшы 2017 жылы әлем чемпионы болса, 2015 жылы – күміс, 2013 жылы қола алды.

Сондай-ақ Дулат Бекбауов (67 келі) 2021 жылы әлем чемпионатында «қола» алған грузин Лаша Гурулимен жұдырықтасады.

Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келі) үндістандық Нишант Девомен кездессе, Нұрбек Оралбай (80 келі) 2020 жылғы Олимпиадада қола алған ресейлік Имам Хатаевпен шаршы алаңға шығады.

Жартылай финал ойындары 12 мамырда өтсе, финал 13 және 14 мамыр күндеріне белгіленген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама