Бағдарламада тарихтың ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманы қамтылады
Еліміздің жоғарғы оқу орындары мен мектептерінде Қазақстан тарихы пәнін оқыту бағдарламасы өзгертіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Бұған дейін Петровалда өткен тарих пәні мұғалімдерінің съезінде 300-ден астам тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО басшылары тарих пәнін оқытуға қатысты мәселе көтерген. Атап айтқанда, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жетілдіру, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, ЖОО тарих пәні мұғалімдерін даярлау және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Бұған қоса, тарихшылар Қазақстан тарихынан бұрын мектеп бағдарламасында болған (5-сынып) және осы жастағы оқушылардың түсінігіне қолжетімді тақырыптарды қайтаруды, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерінің оқу бағдарламасы мазмұнын жаңарту және материалды сыныптар бойынша бөлуді өзгертуді ұсынды.
«6-сыныпты алып қарайық. 2016 жылдан бері бір ғана 6-сыныптың бағдарламасы 12 ғасырға жуық уақытты қамтыды. Айта кетейік, VI ғасырдан XVIII ғасырдың басына дейін өте маңызды тарихи кезеңдер болды. Ұлы дала тарихының бұл маңызды кезеңі Түркі мемлекеттерінің, Алтын Орда мемлекетінің және Қазақ хандығының дәуірін қамтиды.
Ал енді осы тақырыптарды бір сынып емес, материалды толыққанды меңгеруді қамтамасыз ету үшін оқу бағдарламасын екі сынып бойынша бөлу ұсынылып отыр», - деп жазды министр.
Ведомство басшысы тарихшылардың ұсынысын орынды деп есептейді. Оның айтуынша, бұл мәселе оқу бағдарламаларды жаңарту жөніндегі сарапшылар тобында қосымша қаралады.
«Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады. Жоғары оқу орындарында қазіргі «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының» орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманды қамтиды», - деп жазды.
Сондай-ақ Қазақстанда ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даярлау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады.
«Бағалау бойынша өзгерістер енгізіледі. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін. Петропавлда Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сияқты ҒЗИ филиалдары ашылып жатыр. Бұл институттар осы оңірлерде ауқымды археологиялық зерттеулер ұйымдастыратын болады», - деп қорытыдылады сөзін министр.