Ұлттық құраманың тең жартысы жарыс жолын жалғастырады
Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының тоғызыншы күні ширек финалға шыққан бокшыларымыз белгілі болды.
Кеше ел намысын Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай, Махмұд Сабырхан, Дулат Бекбауов пен Нұрқанат Райыс қорғады.
Күндізгі сессияда Асланбек (71 кг) израильдік Мирослав Капулер-Ищенконы, ал Нұрбек Оралбай (80 кг) тартысты жекпе-жекте түркиялық Каан Айкутсунды жеңді. Ұлттық құрама капитаны Шымбергенов қарсыласын бір рет есеңгіретіп, нокдаунға да түсірді. Енді келесі кезеңде Асланбек франциялық спортшымен, Нұрбек болса, Иордания боксшысымен қолғап түйістіреді.
Кешкі сессияның алғашқы кездесуінде рингке шыққан Махмұд Сабырхан (54 кг) да жеңіске жетті. Ол үнді Сачинді ұтты. Сачин 2016 жылы жастар арасында əлем чемпионы атанған алғашқы үндістандық боксшы атанған. Енді Махмұд жартылай финал жолдамасын Гана елінің боксшысы Амаду Мұхамедпен сарапқа салады.
Қазақ-үнді боксшылары арасындағы екінші кездесу де еліміздің пайдасына шешілді.
Дулат Бекбауов (67 кг) алғашқы раундта Акаш Акашқа есе жібергенімен, қалған екі раундта еш мүмкіндік бермей, келесі кезеңге жолдама алды. Отандасымыздың келесі қарсыласы – мексикалық Мартинес Мигель Анхель.
Ұлттық құрама өкілдерінен соңғы болып рингке шыққан Нұрқанат Райыс (75 кг) əлем чемпионатының жүлдесі үшін таластан тыс қалды. Ол бразилиялық Вандерлей Перейрадан жеңілді.
Осыған дейін Санжар Тәшкенбай, Серік Теміржанов пен Қамшыбек Қонақбаев ширек финалға шыққан болатын.
Ташкенттегі әлем чемпионаты 14 мамырға дейін болады. Жүлде үшін 104 елден жиналған 600-дан аса былғары қолғап шебері жиналды. Жарыс 13 салмақ дәрежесі бойынша болып жатыр.
Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ долларынан алады. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары беріледі. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 5,2 млн АҚШ доллары.
Әлем чемпионатын Qazaqstan және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.