Есірткі айналымына қатысты 32 дәрігер жауапкершілікке тартылды

Халық үні

Үш медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда заңды айналымдағы есірткі құралдарының, психотроптық заттарды пайдалану ережелерін бұзу бойынша 75 кәсіпорын мен ұйым тексерілді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 303-бабы (Есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу) бойынша 12 қылмыс анықталды. Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында құрамында есірткі құралдары бар препараттар айналымы ережелерін бұзуға жол берген үш медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

129 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді:

  • заңсыз фармацевтикалық қызметі үшін – 5, (ҚР ӘҚБтК 424-б.);
  • фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзғаны үшін - 95 (ҚР ӘҚБтК 426-б. 1-б.);
  • объектінің техникалық нығайту талаптарын бұзғаны үшін - 24;
  • лицензиялау нормаларын бұзғаны үшін - 5 (ҚР ӘҚБтК-нің 464-б.).

Әкімшілік жауапкершілікке 129 адам тартылды, оның ішінде 32 медицина қызметкері бар. Барлық материалдар Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне берілді. Айналымнан 356 есірткі ампуласы, 5 258 таблетка, 173 психотроптық заттар ампуласы, 258 прекурсорлар ампуласы алынды.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті атап өткендей, құрамында есірткі бар медициналық препараттарды «қара нарықта» сату фактілері анықталуда. Яғни психобелсенді әсері бар дәріханалық препараттар жасөспірімдердің қызығушылығын тудырады және олардың есірткі тұтынуына тікелей себепші болады. Мысалы, Алматы облысының тұрғыны синтетикалық апиынға жататын 20 таблеткамен ұсталды. Атырау облысында осындай екі факт анықталды. Барлығы 3 870 таблетка және атропин сериясының 70 құты тамшылары тәркіленді. Осыған ұқсас факті Теміртау қаласында анықталды, онда дүкенде дәріханалық препараттың 10 таблеткасын сатқан жергілікті тұрғын ұсталды. Мұндай дәрі-дәрмектер адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін күшті заттардың тізіміне енгізілген.