Бағдат Мусин елорда іргесіндегі ауылдардың байланыс сапасын тексерді
Өлшеу нәтижесі ауыл аумағында бірқатар проблемалар байқалатынын растады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Астанада және Ақмола облысының елордалық елді мекендерінде байланыс сапасы мәселесі бойынша көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кеңеске Ақмола облысы телекоммуникация комитетінің, цифрландыру және мұрағаттар басқармасының, «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК өкілдері мен байланыс операторлары қатысты.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылында 11 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда жалпы білім беретін мектеп пен балабақша, отбасылық дәрігерлік амбулатория, учаскелік полиция пункті, көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Талапкерде 2G/3G/4G ұялы байланысын «Кселл» АҚ, «КаР-Тел» ЖШС және «Мобайл телеком – сервис» ЖШС операторлары қамтамасыз етеді, «Қазақтелеком» компаниясының Интернет желісіне тіркелген кең жолақты қолжетімділігі бар.
2020 және 2021 жылдары ауыл аумағында жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша кейбір операторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, байланыс сапасын жақсарту туралы нұсқамалар берілді. Бүгінде операторлар байланыс сапасын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізді. Бұл 2023 жылғы 3 мамырда жүргізілген аспаптық өлшеулермен расталады. Өлшеу нәтижелері бойынша ешқандай ауытқулар тіркелген жоқ.
Содан кейін көшпелі кеңеске қатысушылар 5 мыңнан астам адам тұратын Қажымұқан ауылына барды. Сондай-ақ, 2G/3G/4G технологиялары және «Қазақтелеком» АҚ-ның фискалды Интернет ADSL/ТОБЖ бар.
2022 жылы байланыс сапасына келіп түскен шағымдар негізінде министрлік байланыс операторларына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша бұзушылыққа жол берген операторлардың біріне айыппұл салынды және 2022 жылдың қыркүйегіне дейінгі мерзіммен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда, компания бұзушылықты жоюға үлгермей, оған тағы да айыппұл салынды. Жаңа нұсқама биылғы маусымның соңына дейін жазылды.
Биыл 3 мамырда жүргізілген байланыс сапасының параметрлерін аспаптық өлшеу ауыл аумағында байланыс сапасына қатысты проблемалар байқалатынын растайды. Өлшеу нәтижесі негізінде министр «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторына жыл соңына дейін өз қаражаты есебінен байланыс сапасын жақсарту үшін қосымша жабдық орнатуды тапсырды.