Елтай ауылдық округінде жеке тұрғын үйде 6 адам – 2 ересек және 4 бала белгісіз заттан уланғаны туралы хабар келіп түсті
Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінде қайғылы оқиға болды. Бүтін бір отбасы, алдын ала болжам бойынша, тамақтан уланып қайтыс болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің Sputnik Қазақстан тілшісіне берген ақпараты бойынша, қайғылы жағдай 4 мамырда болған.
«Елтай ауылдық округінде жеке тұрғын үйде 6 адам – 2 ересек және 4 бала белгісіз заттан уланғаны туралы хабар келіп түсті. Салдарынан 1984 жылғы ер адам (әкесі) және төрт бала (2010 жылғы қызы және 2008, 2013, 2018 жылғы ұлдары) қайтыс болды. 1985 жылғы әйел (анасы) Шамалған ауылындағы Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасына жатқызылды. Жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде», - дейді ведомство өкілдері.
Үй екіқабатты, пеш табиғи газбен жылытылады. «АлматыГазСервис Холдинг» АҚ авариялық бригадасының қызметкерлері едендік газ пешін тексеру барысында газдың ағуын тапқан жоқ, пеш жарамды күйде.
«Алдын ала себептердің бірі – тамақтан улану», - делінген хабарламада.
Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-ның 2 қызметкері мен 1 техникасы, жедел медициналық жәрдем бригадасының 4 қызметкері мен 2 техникасы, Қарасай ауданының 3 қызметкері мен 1 техникасы, 3 қызметкер және 1 СЭС техникасы келді.
Материалдар Қарасай ауданының полиция бөліміне тапсырылды.