Тоқаев келесі аптада Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуге барады
«Орталық Азия + Қытай» саммитіне қатыспақ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 17-19 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен баратын болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Сиань қаласында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылады.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, сапар аясында ол «Орталық Азия + Қытай» саммитіне қатыспақ.