Болат Назарбаев иелік еткен «Қорғас» бекеті де әкімдік меншігіне өтті

Еркеғали Болатұлы

Оның жұмысы 3 жылдан бері тоқтап тұрған еді

фото: ашық дереккөз

«Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» Жетісу облысы әкімдігінің меншігіне өтті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті Үкімет қаулысына қол қойды.

ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидасын бекіту туралы» 2011 жылғы 1 маусымдағы №616 қаулысына сәйкес, ҚР Үкіметі қаулы етеді:

«Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясы» АҚ акцияларының 100 пайыз мөлшерiндегi мемлекеттiк пакетi ҚР заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық меншіктен Жетісу облысы әкімдігінің коммуналдық меншiгіне берілсін, - делінген Үкімет қаулысында.

Айта кетейік, бұған дейін аталған халықаралық орталық республикалық меншікте және оны басқару мен жұмысын үйлестіру Алматы облысы әкімдігінің құзыретінде болған еді.

Еске сала кетсек, 3 жылдан бері тоқтап тұрған «Қорғас» орталығы биыл 24 сәуірден бастап қайта іске қосылған болатын. Тоқтап тұратын себебі, бұған дейін «Қорғас» бекетінен түсетін табыс тікелей Кәрім Мәсімов пен Болат Назарбаевтың жеке қалтасына құйылып отырғанын жазған болатынбыз.