×

Астанадағы «Орыс үйі» қазақстандық оқушыларды Қырымға апарған

Ата-аналар мектеп басшыларының келісімінсіз сайтқа өтінім беріп, балаларын осы байқауға қатыстыру керек деп шешкен

 Еркеғали Болатұлы 07.05.2023 | 10:05
фото: newsland.com

Қазақстандық 10 оқушы Ресей аннексиялап алған Қырымға 24 күнге жіберілген. «Тірі классика» жас оқырмандар байқауының жеңімпаздары Қырымның оңтүстік жағалауында орналасқан «Артек» балалар орталығына аттанған. Қоғамда дау тудырған бұл жағдайға Оқу-ағарту министрлігі түсінік берді.

Сапарды Астанадағы «Орыс үйі – Россотрудничество» ұйымдастырған.

Астана, Тараз және Шымкент қалаларының 10 оқушысы лагерьде 24 күн демалады, – деп хабарлады «Орыс үйі».

Ал әлеуметтік желіде Украинаның Ресей басып алған аралына қазақстандық балаларды жібергеніне наразы жазбалар жарияланды. Кейбір қолданушылар кейінгі апталарда Қырымдағы мұнай базалары мен әскери нысандарда жарылыс жиілігенін алға тартып, сапардың қауіпті болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Оқу-ағарту министрлігі бұл оқиғаға түсінік бере отырып, жарысқа қатысу және саяхат – ата-ананың қалауымен және олардың келісімімен болғанын айтты.

Жас прозашылардың «Тірі классика» халықаралық байқауы https://youngreaders.ru/ сайтында орналастырылған. Байқау нәтижесінде 10 қазақстандық оқушы «Артек» халықаралық балалар орталығына жолдама алды. Балалардың ата-аналары өз тілектерін білдіріп, мектеп басшыларының келісімінсіз сайтқа өтінім беру арқылы балаларды осы байқауға қатыстыру керек деп шешкен. Ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жауапкершіліктері туралы қолхаттар алынды, – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.

Балалардың аман-есен жеткені, олардың қасында ересектердің де бар екені атап өтілген. Сонымен қатар министрлік кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шетелге бару құқығын қорғау мақсатында жергiлiктi атқарушы органдарға Оқу-ағарту министрлiгi Балалардың құқықтарын қорғау комитетiнiң келiсiмi бойынша бiлiм бөлiмдерiнiң бұйрықтарымен оқу-тәрбие үдерісінде балалардың барлық топтық сапарларын қадағалау ұсынылғанын алға тартты.

Айта кетейік, «Тірі классика» қорының ресейлік «Вконтакте» желісіндегі парақшасындағы мәлімет бойынша, Қырымға қазір Ресейдің одақтасы саналатын өзге бірнеше мемлекеттен балалар бара жатқаны айтылады. 2 мамыр күнгі жазбада Қырымға Мексика, Марокко, Тәжікстан, Моңғолиядан оқушылар келгені жазылған. Тағы бір жазбада Ресейдің түрлі аймағынан да балалардың барғаны айтылады.

«Артек» – Қырымның оңтүстік жағалауындағы лагерь. Соңғы мәліметтерге сәйкес, онда соғыс әлі жалғасып жатыр. Focus басылымы бірнеше күн бұрын Бельбек аэродромының маңында жарылыстардың болғанын хабарлады. Оған қоса, Севастопольде де күшті жарылыс болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама