Halyq Uni логотип
×

«Басының самай бөлігіндегі жарақат тігілді»: Кентауда үстіне шатыр құлаған мұғалім ауруханада жатыр

Қазір науқастың жағдайы орташа. Басының самай бөлігіндегі жарақат тігілді

 Халық үні 07.05.2023 | 06:46
«Басының самай бөлігіндегі жарақат тігілді»: Кентауда үстіне шатыр құлаған мұғалім ауруханада жатыр
Фото: massaget.kz

Қатты желден Түркістан облысы Кентау қаласында Алтынсарин атындағы №1 мектептің шатыры ұшып, оның сынығы мұғалімнің басына түскен. Қазір ол ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Түркістан облысында бірнеше күн тоқтамай жел тұрды. Бұған дейін өңірде үйлер мен өзге де нысандардың шатыры ұшып, мыңдаған абонент жарықсыз қалған. Әйтсе де осыған дейін дауылдың салдарынан ешкім зардап шекпеген болатын. Енді міне осындай жағдай орын алып отыр. Мектеп мұғалімін дереу ауруханаға жеткізгенде, дәрігерлер оған «миы шайқалған» деген диагноз қойған.

«Қазір науқастың жағдайы орташа. Басының самай бөлігіндегі жарақат тігілді. Травматология бөлімінде ем алып жатыр», – деді Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев.

Айта кетейік, мұғалім кеше өз-өзіне келді. Ол өзінің мектепке қояр еш кінәсі жоқ екенін айтады. Айтуынша, оқиға үш әріптес өтіп бара жатқанда болған. Екеуі қашып үлгеріп, шатырдың сынығы үшінші адамның басына тиген. Бірақ өзі аман қалғанына шүкір деп отыр.

Болған жағдайдан соң әрі қатты жел бәсеңсімегендіктен, ата-аналар баласын мектепке жіберуге қорқып қалған. Сондықтан Кентау қаласындағы барлық бастауыш сынып оқушылары апта басында қашықтан білім алуға көшірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама