Каспийдің Қазақстанмен шекаралас суларында 58 адам ұсталды
1 647 375 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
30 сәуірде Қазақстан мен Ресей елдерінің шекара қызметтері Қазақстанның өзге де уәкілетті органдарымен бірге браконьерлік әрекеттердің жолын кесуге бағытталған жедел профилактикалық іс-шаралардың кезекті кезеңін өткізді, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметі.
Рейдтік іс-шаралар барысында Каспийдің Қазақстанмен шекаралас суларында 58 құқық бұзушы және 23 жүзу құралдары ұсталды. Ұзындығы 100 шақырымнан асатын браконьерлік тор және өзге аулау құралдары тәркіленді.
Табиғи мекендеу ортасына 288 бекіре тұқымдас балық, 13 мың ұсақ тұқымды балық және 7 итбалық жіберілді.
1 647 375 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Мемлекетке 588 млн теңгеден аса келтірілетін залалдың алды алынды.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Каспий теңізінің биологиялық байлығын қорғауға бағытталған шараларды жалғастыруда.