Halyq Uni логотип
×

Ойыл өзені тасып жатыр: Миялы ауылын су басуы мүмкін

Өзен суы бірер күнде Миялы ауылына жетуі әбден мүмкін

 Айнұр Асылбекқызы 14.04.2022 | 16:49
Ойыл өзені тасып жатыр: Миялы ауылын су басуы мүмкін
фото: Halyq Uni

Атырау облысында Ойыл өзені тасып жатыр. Қызылқоға ауданында тұратын белсенді азамат Есенбай Нұров қазір жағдайдың өте қиын екенін айтады. Айтуынша, Миялы ауылын су басу қаупі бар. Тиісті шара қолданбаса, су бірер күнде, тіпті бүгін кешке ауылға жетуі мүмкін.  

«Ойыл өзені қазір «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолының Қызылқоға ауданына қарасты Миялы-Қарабау тас жолының бөлігіне тіреліп, екінші жақтағы Миялыдан 10 шақырым жердегі Жангелдин ауылы жағына өтудің алдында тұр. Оның ар жағында Жасқарат, Қоныстану, Қаракөл, Тасшағыл, Қарабау ауылдары жатыр. Қазір Миялы-Қарабау тас жолы бөгет қызметін атқарып жатыр десе де болады. Тас жолды биік салған. Су Миялыға бәрібір кіреді. Қазір ауылды айнала су қоршаған. Тасжолдың астындағы құбырлар су өткізбейді. Өзен үстінде көпір тұр. Астынан көп көлемде келіп жатқан су өтіп үлгермей жатыр. Су екі жаққа жайылса, өз бағытымен төмен қарай ағып, шағылдарға жайылып, Қамыскөл арқылы сайларға құйылып, Жарыпшыққан өзеніне қосылып,мТайсойған ауылына қарай жетеді», - дейді Нұров.

Еске салып өтейік, облыстық маңызы бар 324,5 шақырымды құрайтын «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолының құрылысы осыдан 11 жыл бұрын салынып басталған. Қазір Сағыздан Қарабауға дейін салып, енді Индерге дейінгі 87 шақырымы қалды.

Есенбай Нұров Миялыны су баспас үшін ауыл тұсындағы айналма жолды биіктету жөнінде мәселе көтерген. Одан бөлек, ол аудан әкімі Нұрсұлтан Бисенбиевке осыдан төрт күн бұрын тас жолды бұзу керектігін ұсыныпты. Алайда, әкім бұған қарсылығын білдірген.

Қазір ең қауіпті аймақ саналған Миялы ауылындағы тұрғын үйлердің су астында қалу қаупінің алдын алу жұмыстары басталды.

Жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ТЖД қызметкерлері жергілікті тұрғындармен бірлесіп, су келуі мүмкін учаскелерде бөгет жасап, құм салынған қаптарды қойып жатыр.

Облыстық төтенше жағдайлар басқармасының хабарлауынша, 13 сәуірден бастап су сору жұмыстары басталған. 

«Қазір Ойыл өзенінің арнасы Ақтөбе облысының Қорғау ауылына дейін тексеру жүрді. Жағдай бақылауда. Жергілікті атқарушы органның 30 қызметкері мен 50 жергілікті тұрғын және 7 бірлік техника, 6 мотопомпа, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері және 3 бірлік техника, 1 резеңке моторлы қайық, 1 мотопомпа жұмылдырылды. Сондай-ақ, Индер ауданынан 15 мотопомпа жеткізіледі», - дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Есенбай Нұров бөгет жасау үшін санаулы техника аздық ететінін айтады. Оның пікірінше, Миялыны су баспас үшін су жолына бөгет салуға 50-100 шақты техника мен КамАЗ көлігі қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама