Әлихан Смайылов Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

Динара Амантай

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын салынады

Фото: t.me/KZgovernment

Кеше Ташкентте премьер-министр Әлихан Смайылов пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әлихан Смайылов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы екіжақты қарым-қатынас сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Атап айтқанда, жоғары деңгейде өткен соңғы келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру – екі ел Үкіметтерінің ерекше бақылауында.

Сонымен қатар премьер-министр Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 20-отырысының қорытындысы туралы хабардар етті. Онда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, экология, транзиттік-көлік саласындағы және т.б. өзара іс-қимыл мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Өзара саудадағы тауарлар номенклатурасын кеңейту, жаңа инвестициялық және кооперациялық жобаларды іске қосу жөніндегі жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Қазақ-өзбек шекарасында екі елдің өнеркәсіп саласындағы тиімді өзара іс-қимылына серпін беретін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын салудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін екі елдің үкіметтері белсенді жұмысты жалғастыруға дайын екендігі айтылды.