Halyq Uni логотип
×

«Арығымыз нәжіске толып, сасып жатыр»: Түркістан облысында ауыл тұрғындары бас көтерді

Ақбай ауылының метебінде кәріз толып, оны арыққа ағызған

 Халық үні 06.05.2023 | 06:43
«Арығымыз нәжіске толып, сасып жатыр»: Түркістан облысында ауыл тұрғындары бас көтерді
фото: almaty.tv

Мектеп қалдығы арыққа ағызылады. Түркістан облысы Ақбай ауылының тұрғындары осылай деп шағым айтты, деп хабарлайды Алматы арнасы. 

Түркістан облысындағы Ақбай ауылының тұрғындары аймақтың экологиялық ахуалына алаңдаулы. Арығымыз нәжіске толып, сасып жатыр деген көпшілік жергілікті мектептің өткен аптаның өзінде бірнеше рет қалдықты осында ағызғанын айтады. Оны бейнежазбаға да түсіріп алыпты.

«Бірде бақшаны суғарып жатқанын айтты. «Су тарттық, түнде кран ашылып қалып кеткен» деп әртүрлі сылтау айтады. Нақты ешкім жауап бермейді», – деді Ақбай ауылының тұрғыны Раушан Сәйдіназаров.

Қайнар көзі таудан басталатын бұлақ суын ауылдағы ағайын тек бау-бақшаға қолданбайды. Кір-қоңын жуып, кейде ішетінін де айтады. Себебі кейде аймақта ауыз су тоқтап қалады.  

«Біз мектеп әкімшілігінен шара қолдануды сұрадық. Аудан әкімдігі, ауыл мен білім бөліміне де бардық. Ешкім жауап бермейді. Енді біз кімге жүгінерімізді білмейміз», – деді Ақбай ауылының тұрғыны Үмітжан Қазақбаев.

Мектеп әкімшілігі бұл мәселеге қатысты жауап беруден бас тартты. Есесіне, аудан әкімшілігі жағдайдың болғанын растады. Олардың айтуынша, бәріне суды ашық қалдырған оқушы кінәлі. Кесірінен кәріз толып, мектеп жауаптылары оны арыққа ағызған.

«Тілеуов шаруашылық бөлімі директорының орынбасары болған. Осы қателікті жібергені үшін ол жұмыстан шығарылды. Күзетші мен шаруа қожалық иесі ескерту алды», – деді Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің заңгері Рауан Молдабеков.

Болған жағдай үшін мектеп директоры да жауапкершілікке тартылып, ескерту алды. Енді оларға айыппұл салынуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама