Көрмеге ең таңдаулы 140 картина қойылған
Астанадағы Ұлттық музейде танымал суретші Алпысбай Қазғұловтың «Көктемгі самғау» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері Бердібек Сапарбаев, Төлеген Мұхамеджанов, Сауытбек Абдрахманов, сенаторлар Нұртөре Жүсіп, Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, мәдениеттанушы Нелли Шиврина, суретшілер Жеңіс Кәкенұлы, Өмірәли Исмаилов, жазушы-публицист, журналист Шархан Қазығұл қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтау сөзін Мәдениет комитетінің төрағасының орынбасары Әлиев Данияр оқып берді.
Құрметті Алпысбай Нағыметұлы, сізді бүгінгі елорда төріндегі «Көктемгі самғау» атты көрмеңіздің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Қалың жұртшылық өзіңізді дарынды қылқалам шебері, бейнелеу өнерінің майталманы ретінде жақсы біледі. Көшпенділер әлемі, бабалар мұрасы, дала философиясы, әдет ғұрыптар сабақтастығы тақырыбындағы ой-толғауыңыздың нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер», «Ұлы жібек жолы», «Көш», «Аталарымыз» «Көкпар» сияқты шығармалар циклі көркем өнер тарихында лайықты орын ала білді.
Суретшілік қырыңыздан талғамы жоғары коллекционер, меценат ретінде Әбілхан Қастеев, Жаңатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Владимир Эйферт сынды танымал суретшілердің шығармашылық туындыларын әлемдік деңгейде насихаттауға лайықты рөліңізді қосып келесіз», - деді министр.
Асхат Оралов танымал суретшіге денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.
Мәдениет және спорт министрлігі атынан жеке көрмеңіздің ашылуымен жын жүректен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға толағай табыс тілеймін. Еліміздің мәдениеті мен өнерін дамыту жолындағы еңбегіңіз жана берсін, - деді ведомство басшысы.
Қылқалам шебері Алпысбай Қазғұлов 45 жылда 8 мыңнан аса картина жазғанын айтты.
Әр кезде көрмемді ашқан кезде толқимын. 45 жыл шеберханада тапжылмай отырып, тонналаған бояуды езіп, кенепке жағып, 8 мыңнан аса картинаны жаздым. Олар дүниежүзіне тарады. 45 жылғы шығармашылығымда менің түсінгенім, жақсы шығарма тек Жаратушының қолдауымен шығады. Соған көзім жеткен суретшінің бірімін... Жаратушының қолдауы болмаса, сурет өнері ешқашан дамымайды, - деді ол.
Суретші көрмеге ең сәтті шыққан 140 туындысын қойғанын жеткізді.
«Осы көрмеге Алматыдағы шеберханамнан ең таңдаулы деген 140 туындыны алып келдім. Астананың өнер сүйер қауымы, халық өз бағасын берер. Бүгінгі көрменің мақсаты – 45 жылғы шығармашылығымды қорытындылау. Көрмедегі 140 картинаның оны циклдағы туындылар: «Балалық шақтың ауылы», «Ұлы жібек жолы», «Аталарымыз», «Көкпар», «Түркістанға саяхат» және тағы басқа», - деді Алпысбай Қазғұлов.
Көрме 25 маусымға дейін созылады.
Айта кетейік, Алпысбай Қазғұлов 1978 жылдан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі бейнелеу өнері кәсіби шеберлерінің көрмелеріне қатысып келеді. Ол Ресей, Жапония, Нидерланды, Бельгия, Кытай, Түркия, Ұлыбританиядағы көрмелерге қатысқан.
Суретші жазған туындылардың өзіне тән даралығы бар. Көп шығармалар арасынан оның еңбектерін оңай тануға болады. Ол суретшілік қырынан бөлек, көңіл-күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді. Сондықтан автор шығармаларының басым бөлігі қарабайыр тіршілік көріністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне арналған.