Текеліде есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Заңсыз айналымнан 30 келіден аса түрлі есірткі заттары тәркіленді
Текелі қаласында арнайы операция кезінде есірткі сатушылар тобы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 4 мамырда Жетісу облысының Текелі қаласында арнайы операция барысында өңірдегі есірткі тарату арнасының көзі жойылды. 4 есірткі сатушы анықталып, марихуананың әртүрлі дозасын сату кезінде ұсталды.
Ұсталған адамдар есірткі заттарын тарату және сату қылмыстары бойынша айыпталады. Күдіктілердің әрқайсысы қаланың әр жерінде жеке-жеке ұсталған. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тіркелген фактілер бойынша («Тергеу амалдары есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабына (1,3-б.) сәйкес жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 30 келіден аса түрлі есірткі заттары тәркіленді. Олардың ішінде марихуана, гашиш және синтетикалық есірткілер бар.