×

Тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінімдердің саны 5 есе артты

Жүйеде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша қаржы институттары 15,2 млрд теңге төледі

 Динара Амантай 05.05.2023 | 17:10
Фото: mavink.com

Биыл қазақстандық фермерлерге 56,5 млрд теңге субсидия төленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Gosagro.kz жүйесінде өтінімдерді қабылдау ашылған сәттен бастап бүкіл ел бойынша 25,3 мың өтінім берілген. Порталдағы барлық деректерге еркін қол жеткізуге болады.

Бұдан бөлек, жүйеде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша қаржы институттары 15,2 млрд теңге төледі. Тағы 21,3 млрд теңгенің өтінімі бойынша төлем күтіліп отыр.

Тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінімдер саны 5 есе өсті. Соңғы мәліметтер бойынша 5 832 фермер өтінім беріп және 2,1 млрд теңгенің өтінімдері мақұлданды. Бұған агрохимиялық картограммаларды пайдалану жөніндегі талаптардың күшін жою, сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арқылы жыл соңына дейін өрістерді цифрландыруды кейінге қалдыру ықпал етті.

Айта кетейік, бұл шешім өтінім берудегі жекелеген қиындықтарға байланысты қабылданды. Өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары 2023 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген талаптарға сәйкес, агрохимиялық картограммалардың болмауына, сондай-ақ егістіктерді цифрландырудағы кейбір мәселелерге байланысты тыңайтқыштарды сатып алу кезінде мемлекеттік қолдаудан бас тартты.

Алайда, фермерлер 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін осы егістіктерді құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес міндетті түрде түзетуі қажет. Тиісті кестені АШМ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп дайындап жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, gosagro.kz жүйесіндегі барлық қызметтер фермерлер үшін де, өтінімдерді қарайтын мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін де тегін көрсетіледі.

Мемлекеттік ақпараттық жүйе басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияланған, бұл субсидиялауға өтінімдер беру процесін едәуір жеңілдетеді және субсидиялар алудың орындылығын растау үшін қажетті құжаттар топтамасын қысқартады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама