Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Бүкілармиялық кеңес отырысы басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарулы күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс. Қазақстан барлық елдермен достық қарым-қатынас орнатқан. Біздің ұстаным – айқын, – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, барлық мәселе халықаралық құқық аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес шешілуге тиіс.
«Мемлекеттер өз мүддесін қорғау үшін жиі күш қолданатын болды. Әлемде жаппай қарулану белең алды. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады. Түрлі қауіп-қатерге тойтарыс бере алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол сайлау алдындағы бағдарламасында елдің қорғаныс саласының басымдықтарына арнайы тоқталғанын жеткізді.
Күштік құрылымдар жаңа талапқа сай болуы қажет. Қазір Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Сондай-ақ десанттық-шабуылдаушы әскердің қарым-қабілетін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Аумақтық қорғаныстың әлеуеті күшейтілуде. Азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылып жатыр. Арнайы жасақ бөлімдерін дамыту ісі тың қарқынмен жалғасып келеді. Осы жұмыстың бәрін уақтылы аяқтау керек. Олар біртіндеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Мемлекеттік органдардың тығыз қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Сонда ғана біз кез келген қауіп-қатерге төтеп бере аламыз. Қуатты армия – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі, – деді мемлекет басшысы.