Тауар мен қызметті мәжбүрлеп сатуға болмайды
СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстандағы мекемелердің тұрғындардан депозиттік төлем талап етуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депозиттік жүйе – мекеме әкімшілігі (мейрамхана, дәмхана, түнгі клуб) белгілеген төлем. Оны тұтынушы мекемеге барған кезде төлеуге тиіс. Келуші депозиттің көлеміне тең немесе одан да көп тапсырыс жасай алады. Егер тапсырыстың құны төмен болса, мекеме артық ақшаны қайтармайды.
Төлемнің депозиттік әдісі заңсыз. «Тұтынушы құқығын қорғау туралы» заңның 28-бабына сәйкес, сатушы тұтынушыға ыңғайлы уақытта сапалы тауарды еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны қажетсіз мөлшерде және (немесе) ассортименттегі тауарларды сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады, - деп жазылған хабарламада.
Мекемеге келуші депозит төлеуден бас тартса, мекеме әкімшілігінің оған қызмет көрсетпеуі әбден мүмкін. Алайда бұл да заңсыз болып саналады.
Азаматтық кодекстің 387-бабында жария шартты сатушы мен сатып алушы жасаса, сатушы қызмет көрсетуге міндетті (бөлшек сауда, қоғамдық көлік, байланыс қызметтері, энергиямен жабдықтау, медициналық, қонақ үй қызметтері, т.б.).
Демек, сатушы әрбір тұтынушыға тауарды сатуға, мекеме әкімшілігі әрбір келген адамға қызмет көрсетуге міндетті. Осылайша, сатушының немесе мекеме әкімшілігінің (мейрамхана, дәмхана, түнгі клуб) тұтынушыға қызмет көрсету мүмкіндігі болған жағдайда қызмет көрсетуден бас тартуына жол берілмейді, – деп жазылған хабарламада.