Halyq Uni логотип
×

Әлем чемпионатына өзге ел атынан шығып жатқан қазақ боксшылары кімдер?

Биылғы жарыста қандас жаттықтырушыларымыз да аз емес 

 Дастан Жұмабекұлы 05.05.2023 | 10:26
Әлем чемпионатына өзге ел атынан шығып жатқан қазақ боксшылары кімдер?
фото: ашық дереккөз

Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатына өзге мемлекеттердің атынан ұлты қазақ бірнеше боксшы бақ сынап жатыр. Олар – Қытай, Бахрейн, Өзбекстан мен Моңғолия ұлттық құрамаларының сапында.

Қытай құрамында екі қазақ боксшысы бар. Олар – 80 келі салмақтағы Таңатхан Тоқтарбек (Tanglatihan Tuohetaerbieke) пен аса ауыр салмақтағы Данабек Байғазы (Danabieke Bayikewuzi). Жақшаның ішінде олардың рингке көтерілер алдында ағылшын тілінде жазылған аты-жөні берілген.

Бұл екеуі де әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Таңатхан Тоқтарбектің жасы – 26-да. Ол Жапонияның Токио қаласында өткен Олимпиялық ойындарға қатысқан. Өз салмағында ҚХР чемпионы атанған. Боксшы бірінші жекпе-жегінде Арменияның өкілі Хамбардзум Акопянды жеңді.

Қытайдың атынан шаршы алаңға шығып жатқан екінші қандасымыз Данабек Байғазы да бірінші кездесуінде жеңіске жетті. Ол 1/32 финалда Арменияның тағы бір спортшысы Давид Чалоянды ұтты. Данабек – әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Бахрейн құрамасында 51 келі салмақтағы Азат Махметов (Azat Makhmetov) қолғап түйістіріп жатыр. Ол Қазақстанда туған. Соңғы екі жылдан бері Бахрейнде тұрады. Сол елдің азаматтығын алған.

Өзбекстан командасында 63,5 келі салмақтағы Руслан Абдуллаев (Ruslan Abdullaev) деген қандасымыз бар. Ол әлем чемпионатында алтын жүлдеге үміткерлердің бірі болып саналады. Руслан осыдан 3 жыл бұрын Қазақстанға оралып, Шымкент қаласы атынан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысқан. Бірақ елде бір-ақ жыл болып, қайтадан Өзбекстанға қоныс аударған. Қазір сол елдің нөмірі бірінші боксшысы.

Сондай-ақ Моңғолия құрамасында 92 келі салмақтағы Бекнұр Қали (Byeknur Khali) жарысқа қатысып отыр.

Биылғы әлем чемпионатында қазақ жаттықтырушылары да өзге елдің ұлттық құрамаларын жаттықтырып жүр. Мысалы, Болат Ниязымбетов додаға Сербия командасын бастап келсе, Марокконың боксшыларын Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерік Алғабек қосып отыр.

Сонымен бірге  Моңғолия құрамасында Қайнар Қайсанай, Түрікменстан жасағында Теңелбек Жұмақұлов, Түркия командасында Ерғали Бекмұрзаев деген жаттықтырушылар бар.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама