Ақмола облысында 96 шенеунік жауапқа тартылды
Маңызы бар автожолдардан 1200-ден аса ақау анықталды
Ақмола облысында сапасыз жолдар үшін 96 лауазымды адам жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жыл басынан бері облыстың тәртіп сақшылары барлық маңызы бар автожолдарға 957 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 1 268 ақау анықталып, олар бойынша сапасыз жолдар үшін 96 лауазымды адам, оның ішінде жол ұйымдарының бірінші басшылары мен облыстың қалалары мен ауылдық округтерінің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі жағдайда әкімшілік шаралармен жол қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне қол жеткізу мүмкін емес. Ол үшін жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол қозғалысын ұйымдастыру деңгейін арттыру қажет, – деді облыстың әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы Руслан Ержанов.
Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп, биыл 10 мамырдан бастап автомобиль жолдарына, көше-жол желілері мен жол құрылыстарына көктемгі кешенді тексеру жүргізуді жоспарлаған. Тексеру барысында мамандар жол белгілері мен бағыт көрсеткіштерін орнату және ауыстыру, автобус павильондары мен тұрақтарды, сондай-ақ басқа да құрылыстарды жөндеу қажеттігіне назар аударатын болады.