Halyq Uni логотип
×

Құмар ойындарға салынып, қылмыс жасағандарды ұстауға 76 млрд теңге жұмсалады – депутат

Құмар ойыннан 1 млн-нан аса қазақстандық зардап шегіп отыр

 Дәурен Ерболат 05.05.2023 | 09:10
Құмар ойындарға салынып, қылмыс жасағандарды ұстауға 76 млрд теңге жұмсалады – депутат
Фото: kommersant.ru

Мәжілістегі Respublica фракциясының депутаттары Қазақстанда букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Руслан Берденов елімізде ойынға тәуелділікпен күресу үшін профилактикалық шараларды енгізу керектігін айтты.

Ойын және құмар ойындарға тәуелділікті емдеуге 1 трлн-нан аса теңге қажет. Өйткені Қазақстанда бұл аурумен 1 млн-нан аса адам зардап шегеді. Емдеу кем дегенде 6 айға созылады. Бірақ азаматтардың толық емделуіне кепілдік жоқ. 2022 жылы 32 мыңға жуық азамат заң бұзып, құмар ойынына қатысты бап бойынша түрмеде отыр. Оларды ұстауға 76 млрд теңге жұмсалады. Мен тек материалдық шығынды айтып отырмын. Себебі ойын бизнесінің адами капитал мен отбасы институтына тигізетін салдары өлшеусіз, - деді ол.

Сондай-ақ депутат Айдарбек Қожаназаров букмекерлік кеңселердің қызметін шектеуді ұсынды.

Азаматтарымызды құмар ойындардың зиянды әсерінен қорғау үшін барлық қажет шараны қабылдауымыз керек. Бұл жеке өмір мен қаржылық әл-ауқатқа ауыр зардабын тигізуі мүмкін. Біз бұл сынға қарсы тұрып, қазақстандықтардың мүддесін қорғау үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – намыс пен ар-ождан ісі, – деді ол.

Сондай-ақ депутаттар Қазақстандағы барлық ақпараттық платформада букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салу керектігін атап өтті. Бұл ұйымдардың жарнамасы ойыншыларды ынталандыруы мүмкін.

«Құмар ойындар – елімізде шұғыл нақты шараларды талап ететін күрделі мәселе. Біз адамдарды осы тәуелділіктен құтқару үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Сондай-ақ құмар ойындармен күресіп жүргендерге, оларға қолдау көрсететін және көмектесетін жүйені құртуымыз керек. Ол үшін күресуге дайынбыз», - деп түйіндеді сөзін Руслан Берденов.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы 31 мың қылмыстық құқықбұзушылық (20%) құмар ойындарға қатысты болған. Осы кезеңде 3 676 суицид тіркелсе, оның әрбір бесінші оқиғасы құмар ойындармен байланысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама