×

Ақтөбеде азық-түлік дүкенінде ер адамды өлтірген сәт видеоға түсіп қалған

Кісі қолынан қаза тапқан ер адам дүкенге қарыз болған

 Халық үні 04.05.2023 | 19:33
Фото: orda.kz

 

Кісі қолынан қаза тапқан ер адам дүкенге қарыз болған. «Жетім баланың сұрауы жоқ демесін» деген достары қылмыстық істі құзырлы орындардың қатаң бақылауға алуын сұрайды, деп хабарлады orda.kz.

Ақтөбе қаласы Есет батыр ауданындағы азық-түлік дүкендерінің бірінде 31 жастағы жігіт кісі қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиға 3 мамыр күні күндіз болды. Жігіттің денесін дүкеннен шығарып тастаған екі адамның әрекеті видеоға түсіп қалған. Марқұмның достары оның азық-түлік дүкеніне қарыз болғанын айтты.

«Марқұм Ұзақ Нығметовпен кішкентай кезден балалар үйінде бірге өстік. Сол күні танысымның келіншегі хабарласып, суық хабарды естіртті. Негізі бәріміз бір аулада мемлекеттен алған баспанада тұрамыз. Қолымда қазір оқиғадан кейінгі видео бар. Денесін дүкеннен шығарып, отырғышқа қойып кетті. Оқиғаның қалай болғанын нақты білмеймін. Сол дүкенге аздап қарызы болды. Соған байланысты сөзге келіп қалуы мүмкін. Қасында болған баланың айтуынша, оны дүкен иесінің өзі қоңырау шалып, шақырып алады. Мұздатқышты жылжытып жіберуге көмектесуді сұраған. Дүкенге бірінші кірген Юраны ұрып, талдырып тастаған. Ол есін жиғанда Ұзақтың сұлық жатқанын көргенін айтты.  Оның құлағы сынған, бет-аузы қан, көзі ісіп кеткен», – деді марқұмның досы Талғат Сүгіров.

31 жастағы Ұзақ Нығметов балалар үйінде өскен. Тұрақты жұмысы жоқ. Үйленбеген. Соңғы кезде  Орал қаласындағы ауылда аспаз болып жұмыс істеген.

«Ақ көңіл, тек күліп жүретін. Біреуге зиянын тигізгенін көрген жоқпын. Жақында ғана «Ақтөбеден жұмыс таптым, құрылыста істеймін» деп қуанып жүрді. Осындай жағдай болды. Енді дүкені бар, ақшасы бар адамдар жазасыз қалмаса екен. Кінәлілердің жазалануын талап етеміз. Жетім бала, артында сұрауы жоқ болмасын. Досымның денесін алуға мәйітханаға келіп тұрмыз. Туыс ағасын тауып алдық. Сол үйде садақасын өткізіп, ертең шығаруы болады», – деді досы.

Оқиғаны Ақтөбе облысы полиция басқармасы растады. Күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

«Полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады. ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама